Ауылды ас атасы - нанмен қамтып отыр

Ауылды ас атасы — нанмен қамтып отыр

Ауданда шағын және орта кәсіпкерлік ісі жыл санап қарқынды дамып келеді десек, оның ішінде ас атасы саналатын нан өндірісін де атап өткен жөн. Бұрындары нан өндірушілер тек аудан орталығында ғана болса, қазір орталықтан шалғайда жатқан бірқатар ауылдарда шағын наубайханалар іске қосылып, өнімді жұмыс атқаруда.
Боралдай ауылдық округінің орталығы Көлтоған ауылында екі-үш жылдан бері нан пісіріп, ауылды ас атасымен қамтып отырған наубайшы келіншектің бар екенін естіп, оны үйіне іздеп барып жұмысымен таныстық. 2024 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасының кәсіпкерлік ісін дамытуға бағытталған бесінші бағытымен 4 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген (2,5 пайызбен) несие алған Гүлбада Ақайдарова үйінің бір бөлмесін жабдықтап, күніне 60-70 бөлке нан пісіреді. Оның қолынан шыққан нан өнімдері ауыл тұрғындары арасында сұранысқа ие.

Кәсіпкер келіншектің өнімдері ауылдың азық-түлік дүкендерінде қолжетімді. Аудан орталығы болса бір жөн. Ауылда да тұтынушының қарасы мол. Ал алыс ауылда кәсіпкерлікпен айналысу ісін бір жағынан ерлік дерсің.

Олай болатыны, нан пісіруге қажетті шикізаттың барлығын күнделікті аудан, облыс орталығынан тасымалдау қажет. Міне, осындай басқа да қиындықтарға қарамастан еңбек етіп, нәпақа табуға бел буған іскер келіншек Гүлбада Ақайдарова «Ауыл аманаты» бағдарламасының бесінші бағытымен алынған несие қаражатына нан өнімдерін шығаруға арналған үлкен пеш, екі дана қамыр араластырғыш құрылғы, 130 дана қалып, шикізат және дайын өнімді сақтауға арналған тоңазытқыш, мұздатқыш, жұмысқа қажетті тағы басқа құрал-жабдықтар сатып алғанын айтады.

Арнайы пештің көмегімен бір мезгілде 72 дана бөлке нан пісіруге мүмкіндік бар. Басқа да құрылғылар жұмысты жеңілдетуге сеп болуда. Нан пісіруге қажетті бірінші сұрыпты ұн аудан орталығынан жеткізілсе, ашытқы және маргарин, сұйық май секілді шикізаттар Тараз қаласынан әкелінеді. – Өзім Түркістан облысының Бәйдібек ауданында туып-өскенмін. Көлтоған ауылына келін болып түскеніме биыл 32 жыл болды.

Отағасы екеуміз де көпбалалы отбасынан шыққанбыз. Отбасында балаларды тәрбиелеп өсіріп, жақында үйге келін түсіріп, қуанып жатырмыз. Ал айналысатын негізгі кәсібім туралы айтатын болсам, мен бұл істі былтыр бастадым. Мұның алдында үйде ауылдастардан шағын тапсырыс алып, торт, тәтті нан, кондитерлік өнімдер пісіретінмін. Арасында ауыл әкімшілігінде ақылы қоғамдық жұмыстарға шығатынмын.

Былтыр ауылдық округтің әкімшілігінен «Ауыл аманаты» бағдарламасымен шағын кәсіпкерлікті дамытуға пайыздық мөлшерлемесі төмен жеңілдетілген несие беріледі дегенді естіп, бағдарламаға қатысуға ұсыныс беріп, нәтижесінде «Тараз» әлеуметтіккәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы 4 миллион теңге несиеге қол жеткіздім. Оған жұмысқа қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, үйде нан өнімдерін пісіріп, дүкендерге тұрақты өткізу үстіндемін. Жалпы, табыс жаман емес.

Ауыл тұрғындарынан сұраныс көп. Алдағы уақытта шағын кәсіпті кеңейтіп, үйдің ауласынан нан пісіретін үлкен пешті орналастыратын арнайы орын дайындап, шағын наубайхана ашсам деген ойым бар. Қазір қолайсыздау болса да, үйдің бір бөлмесінде жұмыс істеп жатырмын, – дейді кәсіпкер келіншек Гүлбада Борашқызы.

Бүгінде облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруға бағытталған пилоттық жобаның төрт бағытының аясында жұмыс істеп, жаңадан кәсіп ашуға ниетті ауыл азаматтары жылдық пайыздық мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайтын қомақты несие қаражатына нақты қол жеткізгенін айту қажет. Нәтижесінде, ауданға қарасты бірқатар ауылдың азаматтары төрт түліктің басын көбейтуге барынша күш салуда.

Сонымен қатар «Ауыл аманаты» жобасының кәсіпкерлікті дамытуға арналған 5-бағытын жүзеге асыру жұмыстары биыл да жалғасу үстінде. Былтыр бұл мақсатта ауданда 575,5 миллион теңгеге 79 жоба жоспарланып, 50-ге жуық азамат «Тараз» әлеуметтік кәсіркерлік корпорациясы» акционерлік қоғамынан қомақты несие қаражатына қол жеткізіп, сол арқылы кәсіп ашып, жұмыс атқаруда.

«Ауыл аманаты» бағдарламасымен берілетін шағын несие қаражаты азаматтарға шағын кәсіпкерлік ісін дамытуға үлкен сеп болып отырғанын баса айтқан жөн. Бұл өз кезегінде отандық өнім көлемін ұлғайтудың нақты кепілі екені сөзсіз. 

Мекен жайымыз:

Тараз, Қазақстан
Абай даңғылы, 127

Қолбасшы
Қойгелді көшесі, 173

Барлық құқықтар қорғалған © 2025 «Тараз» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы»