Баспасөз біз туралы Жобаның арқасында жеке кәсіпкер саны 3 мыңға жетті

Жалпы «Ауыл аманаты» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыс көп. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлебек Құлекеевтің айтуынша, бастапқыда жобаның бес бағыты бойынша 9,2 миллиард теңге бөлініп, игерілген болатын. Оған облысымыздағы 10 ауданның 11 ауылдық округінен 25 елдімекен таңдап алынған еді. Онда 2478 аула мен 11 жаңа құрылған ауыл шаруашылығы кооперативі жобаға қатысқан.
Сөйтіп аймақта қанатқақты жобаға қатысқан елдімекендерде үй іргесіндегі жерді тиімді игеру 95 пайызға артты. Ал мал шаруашылығы бағытын дамытуға сол тұста 6,4 миллиард теңге бөлініп, 45032 бас мал сатып алынған еді. Қазір ол мал басы 186100 басқа жетіп отыр. Елді мекен маңайындағы игерусіз жатқан 10113 гектар алқап игеріліп, 21 мың тонна өнім жиналды. Ауыл шаруашылығы кооперативтерін қажетті техникамен және ауыл шаруашылығы тіркемелерімен қамтамасыз ету мақсатында 972,4 миллион теңгеге бөлініп, 190 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған болатын. Бұл техникалар бүгінгі таңда кооперативтер жұмысының алға басуына септігін тигізуде. Ал бесінші бағыт бойынша ауыл тұрғындарының шағын бизнес ашу үшін 56,2 миллион теңгеге бөлініп, 11 жоба қаржыландырылып, шағын цехтар ашылған. Олар алты жылдан бері жұмыс істеп келеді екен.
Осы алғашқы жобаның аясында қол жеткізілген жетістіктер де аз емес. Төлебек Құлекеевтің айтуынша, қанатқақты жоба енгізілген соң жеке кәсіпкер саны – үш мыңға дейін артқан. Жұмыссыздар саны үш жүз адамға кеміп, 1000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылған. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 1254 отбасыға немесе 65 пайызға кеміген. Қанатқақты жобаға қатысушылардың орташа айлық табысы 60 мың теңгеден 93 мың теңгеге немесе 65 пайызға артқан.
Осы жоба аясында 2021-2022 жылдары револьверлік кредиттеу жолымен 7,2 миллиард теңге қайтарылып, қанатқақты жобаға тағы үш ауылдық округ қосылған болатын. Олар Байзақ ауданындағы Үлгілі, Жамбыл ауданындағы Өрнек және Жуалы ауданындағы Ақсай ауылдық округтері. Онда 253 жобаны қаржыландыруға 1,096 миллион теңге қаралған. Бүгінгі күні ол округтердегі жұмыстар жандана түскен.
Ал 2023 жылдан бастап республикалық бюджеттен «Ауыл халқына ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны масштабтау үшін микрокредиттер беру» жобасы шеңберінде 6 миллиард теңге бөлінді. Оған облысымыздың барлық ауданы енгізіліп, олардың ішінен 10 ауылдық округ таңдап алынды. Ол жобаға енген он аудандағы Жалғызтөбе, Қаракемер, Жетітөбе, Кенен, Ақермен, Биназар, Бірлікүстем, Абай, Жайылма, Ойық ауылдық округтерінде қазір бұл жоба табысты жүзеге асырылуда. Сол жобаға қатысушының бірі – Жуалы ауданы Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылының тұрғыны Ерсұлтан Әлжаппаров. Ол бесінші бағыт бойынша бизнес-жобаны жүзеге асыру үшін 14 миллион теңге несие алып, сүт өнімдерін өндіруде. Оның шығарып отырған өндірісінде құрт, сары май және ірімшіктің бірнеше түрі бар.
– Менде 10 адам жұмыс істейді. Олардың әрбірінің өз міндеті бар, атап айтсақ, менде зертханашы, технолог, ірімшік жасаушы және басқа мамандықтар бойынша жұмыс істейді. Өндіріс үшін барлық қажетті техникалық база бар және өнімді өткізу жолдары жолға қойылған, – дейді Ерсұлтан Әлжаппаров.
Сондай-ақ, Қайрат ауылында Сәрсекүл Әбеева 4,6 миллион теңге несие алып, оған 11 бас мүйізді ірі қара мен жем сатып алған. – Жобаның тиімді тұстары өте көп. Ең бастысы ауылда отырған шаруаға өте қолайлы. Мал басын арттырып, мал бордақылап, сиыр сауып, сүт өнімдерін өндіруге мүмкіндік бар. Бұл жоба ауылға зор мүмкіндік пен серпін әкелді деп ойлаймын, – дейді ол.
Оның көршісі Диас Рахманқұлов жүннен жасалған кілемдер шығарумен айналысады. Өз ісін кеңейту аясында ол Моңғолияда иірілген жіп сатып алу үшін 2,8 миллион теңге алып, жұмысын жолға қойған. Ал Қуанышбек Төребеков болса, машина-трактор станциясын ашты. Ол жабдықтар мен шикізатқа біраз қаражат жұмсаған. Машина-трактор стансасында ол округтің 4 тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Жалпы өткен алты жылдың көлемінде он ауданнан жобаға 62 ауылдық округ қатысуда.
Жалпы «Ауыл аманаты» жобасы аясында өткен алты жыл көлемінде бөлінген қаржы 41,6 миллиард теңгені құраған. Ал жобаға 8028 жоба қатысып қаржыландырылған. Биыл «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға республикалық бюджеттен тағы қомақты қаржы қаралып отыр, – дейді облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының орынбасары Төлебек Құлекеев.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Мекен жайымыз:
Тараз, Қазақстан
Абай даңғылы, 127
Қолбасшы
Қойгелді көшесі, 173
Телефон:
Баспасөз қызметі
- 8 (778) 529 1009
Телефон:
Өңірлік тұрақтандыру қоры
- 8 (7262) 555 065
Электронды почта:
info@spk-taraz.kz