Баспасөз біз туралы Шалғай ауылда да кәсіп ашуға ниеттілер көп

Бүгінгі күні шағын және орта кәсіпкерлік кей елдерде ішкі жалпы өнімнің 50-60 пайызына дейінгі үлесін иеленетінін ескерсек, бізге де бұл саладағы озық тәжірибелерді үйрену артық болмайды. Жалпы Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға ерекше көңіл бөлініп, жеңілдетілген несие көлемінің ұлғайтылуы өзін-өзі еңбекпен қамтығандардың, кәсіпкерлікпен айналысуға ниет білдірген азаматтардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамытуға ықпал ететіні анық.
Жалпы ауыл шаруашылығын дамыту және кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейту мәселелері Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаевтың халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауларынан тыс қалған емес.
Президентіміздің өткен Жолдауында:
«2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 15 пайызға жетуі керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет. Қазір бұл көрсеткіш 7 пайыз шамасында. Жыл басында мен орта бизнесті қолдау үшін нақты шешімдер қабылдау жөнінде тапсырма бердім. Яғни, жан-жақты шаралар қолға алынуы керек еді. Алайда, іс жүзінде әлі дайын емес. Әрбір кәсіпкер қолдаудың қандай түрі бар екенін және оған қалай қол жеткізе алатынын еш қиындықсыз біліп отыруы қажет. Сонда шағын бизнес орта бизнес санатына өтуге мүдделі болады. Бізде қазір қолдау шараларының 100-ден астам түрі бар. Бұдан білікті маманның өзі шатасуы мүмкін. Сондықтан мемлекеттік қолдау шараларының қаншалықты тиімді екенін мұқият тексеріп шығу керек», – деп атап өткен болатын.
Ауданда шағын және орта кәсіпкерлік жыл санап дамып келеді. Оның ішінде, нан өнімдерін өндіретін өндірістің артқаны байқалады. Бұрындары нан өндірушілер тек аудан орталығында ғана болса, қазір орталықтан шалғайда жатқан бірқатар ауылдарда шағын наубайханалар іске қосылып, өнімді жұмыс атқаруда. Мәселен, Боралдай ауылдық округінің орталығы Көлтоған ауылында Гүлбада Ақайдарова екі-үш жылдан бері нан пісіріп, ауылды нан өнімдерімен қамтып жүр.
Өткен жылы «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде кәсіпкерлік ісін дамытуға бағытталған бесінші бағытымен 4 миллион теңге несие алған үйінің бір бөлмесін жабдықтап, сұранысқа сәйкес, күніне 60-70 бөлке нан пісіреді. Оның қолынан шыққан нан өнімдері ауыл тұрғындары арасында сұранысқа ие. Кәсіпкердің өнімдері ауылдың азық-түлік дүкендеріне қолжетімді. Аудан орталығы болса бір жөн. Мұнда тұтынушының қарасы мол. Ал алыс ауылда кәсіпкерлікпен айналысу ісін бір жағынан ерлік дерсің…
Олай болатыны, нан пісіруге қажетті шикізаттың барлығын күнделікті аудан, облыс орталығынан тасымалдап әкелуің қажет. Міне, осындай басқа да қиындықтарға қарамастан еңбек етіп, нәпақа табуға бел буған Гүлбада Ақайдарова «Ауыл аманаты» жобасының бесінші бағытымен алынған несие қаражатынанан өнімдерін шығаруға арналған үлкен пеш, екі қамыр араластырғыш құрылғы, 130 қалып, шикізат және дайын өнімді сақтауға арналған тоңазытқыш, мұздатқыш, жұмысқа қажетті тағы басқа құрал-жабдықтар сатып алғанын айтады.
Айта кету керек, қомақты қаражатқа алынған арнайы пештің көмегімен бір мезгілде 72 бөлке нан пісіруге мүмкіндік бар. Басқа да құрылғылар жұмысты жеңілдетуге сеп болуда. Нан пісіруге қажетті бірінші сұрыпты ұн аудан орталығынан жеткізілсе, ашытқы және маргарин, сұйық май, тағы басқа қажетті шикізаттар Тараз қаласынан әкелінеді екен.
– Өзім Түркістан облысының Бәйдібек ауданында туыпөскенмін. Көлтоған ауылына келін болып түскеніме биыл 32 жыл болды. Отағасы екеуміз де көпбалалы отбасынан шыққанбыз. Отбасында балаларды тәрбиелеп өсіріп, жақында үйге келін түсіріп, қуанып жатырмыз. А л айналысатын негізгі кәсібім туралы айтатын болсам, мен бұл істі былтыр бастадым. Мұның алдында үйде ауылдастардан шағын тапсырыс алып, торт, тәтті нан, тағы басқа нан өнімдеріне тапсырыс алып пісіретінмін. Арасында ауыл әкімшілігінде ақылы қоғамдық жұмыста да істедім. Былтыр ауылдық округтің әкімшілігінен «Ауыл аманаты» жобасы аясында шағын кәсіпкерлікті дамытуға пайыздық мөлшерлемесі төмен жеңілдетілген несие беріледі дегенді естіп, жобаға қатысуға ұсыныс беріп, нәтижесінде, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы 4 миллион теңге несие қаражатына қол жеткіздім. Оған жұмысқа қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, үйде нан өнімдерін пісіріп, оны дүкендерге тұрақты өткізу үстіндемін. Жалпы табыс жаман емес. Ауыл тұрғындарынан сұраныс көп. Алдағы уақытта шағын кәсіпті кеңейтіп, үйдің ауласынан нан пісіретін үлкен пешті орналастыратын арнайы орын дайындап, шағын наубайхана ашсам деген ойым бар. Қазір қолайсыздау болса да үйдің бір бөлмесінде жұмыс істеп жатырмын, – дейді кәсіпкер.
Қазіргі таңда облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруға бағытталған жобаның аясында жұмыс істеп, жаңадан кәсіп ашуға ниетті ауыл азаматтары арта түскен. Осының нәтижесінде, қазір ауданға қарасты бірқатар ауылдың азаматтары төрт түліктің басын көбейтуге барынша күш салуда.
Сонымен қатар «Ауыл аманаты» жобасының кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған 5-бағытын жүзеге асыру жұмыстары өткен жылы басталып, биыл да жалғасу үстінде. Былтыр бұл бағытта ауданда 575,5 миллион теңгеге 79 жоба жоспарланып, 50-ге жуық азамат «Тараз» ӘКК» АҚнан қомақты несие қаражатына қол жеткізіп, сол арқылы кәсіп ашып, жұмыс атқаруда.
«Ауыл аманаты» жобасымен берілетін шағын несие қаражаты азаматтарға шағын кәсіпкерлік ісін дамытуға үлкен сеп болып отырғанын баса айтқан жөн.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Жуалы ауданы
Мекен жайымыз:
Тараз, Қазақстан
Абай даңғылы, 127
Қолбасшы
Қойгелді көшесі, 173
Телефон:
Баспасөз қызметі
- 8 (775) 882 04 81
Телефон:
Өңірлік тұрақтандыру қоры
- 8 (7262) 555 065
Электронды почта:
info@spk-taraz.kz