Баспасөз біз туралы Агросаланың әлеуеті артып келеді

Халықтың әл-ауқаты мен тұрмысының жақсаруы тікелей аграрлық саланың дамуына байланысты. Сондықтан да ауыл шаруашылығы – ел экономикасының сәтті дамуына ерекше серпін беріп отырған бірден-бір жетекші саланың бірі.
Мәселен Жамбыл ауданындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы егістік жердің көлемі 53060 гектарды құрайды. Оның 25582-сі суармалы, 27478-і тәлімді егістік. Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының айтуынша, биылғы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 52428 гектарды құраған.
Бүгінгі күні ауданға қарасты елдімекендер мен ауыл шаруашылығы жерлерінің Тараз қаласына өтуіне байланысты егіс көлемі 5141 гектарға кеміген. Жалпы ауданда биыл бидай 3900, арпа – 11799, көпжылдық шөп – 1395, көкөніс – 5776, майлы дақылдар – 2545, қант қызылшасы – 515, дәндік жүгері – 1855, бақша – 709, картоп – 304, сүрлемдік жүгері – 150 гектарға орналастырылған.
– Біздің өңір ауыл шаруашылығы саласын дамытуға өте қолайлы аймақтар санатына жат ады. Жа лпы ауыл шаруашылығы дақылдарын ылғалдандыруда жаңашыл су үнемдеу технологиясы кеңінен өндіріске енгізілуде. Биыл 8979 гектар алқапқа су үнемдеу технологиясы енгізіліп отыр, оның 6515 гектары тамшылатып, 2464 гектары жаңбырлатып ылғалдандырылуда. Ал өткен жылы 6230 гектар алқапқа су үнемдеу технологиясы енгізілген болатын. Оның 5334 гектары тамшылатып, 896 гектары жаңбырлатып суарылды. Сонымен қатар, техника паркі де жаңаруда. Биыл машинатрактор паркі 6,5 пайызға жаңарып, жаңа 41 техника өндіріске қосылды. Мәселен, осы жылдың бірінші жартыжылдығында 21 ауыл шаруашылығы техникасы алынды. Алынған техниканың бірі жалпы құны 247,9 миллион теңгені құрайтын бір комбайн, жалпы құны 66,8 миллион теңге тұратын 20 трактор ( мұның 10-ы лизинг жүйесімен, 10-ы өз қаражаты есебінен) және құны 170,5 миллион теңгені құрайтын 41 басқа да ауыл шаруашылығы қосалқы техникасы алынды, – дейді аудан әкімі.
Ал былтырғы мәліметке жүгінер болсақ, өткен жылы жалпы құны 999,65 миллион теңгеге 117 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. Оның бірі комбайн, бірі қант қызылшасын жинайтын комбайн, 49-ы трактор болса, 66-сы ауыл шаруашылығы тіркемелері. Сонымен өткен жылы ауыл шаруашылығы техникасының ауданда жаңару коэффициенті 10,3 пайызды құраған. Бұл техникалардың ішінде комбайндар лизинг жүйесімен алынған. Ал шаруашылықтардың өз қаржысымен 4 трактор, 12 ауыл шаруашылығы тіркемелері алынып отыр екен. Минералды тыңайтқыштар да егістік алқаптарға жоспарға сәйкес енгізілуде.
Биыл агроқұрылымдар тарапынан 7849,7 тонна минералды тыңайтқыштар алып, оны 33855 гектар алқапқа енгізу жоспарланған. Бүгінгі күні аудан бойынша 85 шаруашылық 5847,7 тоннаға келісім шартқа тұрып, барлығы 4434 тонна минералды тыңайтқыш алынып, 22170 гектар алқапқа сіңірілген. Оның орындалу жоспары 56,5 пайызды құраған. Ал өткен жылы тыңайтқыш 38851 гектар алқапқа енгізілген екен.
Ауданда табысты жүргізіліп келе жатқан жобаның бірі – «Ауыл аманаты» жобасы. Бұл – мемлекеттік саясаттың маңызды қадамдарының бірі.
Аталған жоба ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін көтеруге арналған және жалпы әлеуметтік мультипликативті әсер береді: әрбір жаңа агрожоба жұмыссыздық деңгейін төмендетуге ықпал ете отырып, ауылда жаңа жұмыс орындарын ашады. Республика деңгейінде жоба аясында 2023 жылдан бастап 16,4 мыңнан астам жұмыс орны құрылыпты.
Өткен жылы 744 жаңа жұмыс орнын құрумен 6,5 миллиард теңгеге 580 микрокредит берілген. 3,6 миллиард теңгеге 145 ауыл шаруашылығы кооперативі қаржыландырылған. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бауыржан Тоқтасыновтың айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасының облысымызда жүзеге асырылып жатқанына биыл алтыншы жыл.
Жоба аясында ауыл халқының тұрмысы көтеріліп, ауылдық округтердің экономикасы артуда. Аталған жобаны жүзеге асыру аясында республикалық және облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, 62 ауылдық округтегі 8028 жоба несиелендірілген. Соның ішінде Жамбыл ауданында бірнеше ауылдық округ бар.
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы өз нәтижесін беруде. Жалпы жоба шеңберінде 2019-2023 жылдар аралығында республикалық және облыстық бюджеттен облысқа 42,2 миллиард теңге бөлінген екен. Оның 37 миллиард теңгесіне 252 мың бас мал сатып алынған. Несиемен қамтылған 7890 азамат өз кәсібін осы бағытта құрған. Ал жаңа құрылған 57 ауыл шаруашылығы кооперативтеріне ауыл шаруашылығы техникасы мен тіркемелерін алуға 3,5 миллиард теңге қаралған. Кооперативтер тарапынан 533 ауыл шаруашылығы техникасы тіркемелерімен бірге лизинг жүйесі арқылы алынып, егіс алқаптарында жұмыс істеуде. Сондай-ақ кооперативтердің аяғынан тұрып кетуі үшін бастапқы кезде 946,9 миллион теңге айналым қаражаттар берілді. Ал өз кәсібін ашуға ниет танытқан 97 жоба «Тараз» әлеуметтіккәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы тарапынан қолдау тауып, оларға 730 миллион теңге бөлінген. Бүгінгі күні жоба аясында ашылған кәсіпорындар біздің ауданда да табысты жұмыс істеуде. Ал биыл «Ауыл аманаты» жобасы аясында 13 ауылдық округте жалпы құны 758 миллион 200 мың теңгені құрайтын 110 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінгі күнге 63 жоба қаржыландырылып отыр, – дейді бөлім басшысы.
Бүгінгі күні «Ауыл аманаты» жобасының бесінші бағыты бойынша қаржыландыру жүргізілуде. Жамбыл ауданында тұрғындар тарапынан 110 өтініш мақұлданған.
Есте болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында агросаланы дамытуға ерекше басымдық берген болатын. Бүгінгі күні Президент тапсырмасына сәйкес облысымызда, оған қарасты аудандарда ауыл шаруашылығын дамытуға тиісті көңіл бөлініп келеді.
«Ауыл Аманаты» жобасы аясында қолға алынған жобалар толық іске асырылған сәтте облысымызда 10 мыңға жуық жеке кәсіпкерлік ашылады және мультипликативтік әсерінің нәтижесінде тұрғындардың табысын арттыруға, өндірістің, салық көлемінің ұлғаюына және басқа да салаларға оң әсерін тигізеді. Ал атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны тағы да төмендей түспек. Мал басы 300 мыңға жетіп, жоба шеңберінде 231 мың тонна ет және сүт өнімдері өндіріледі.
Үй іргесіндегі егіс көлемі 109777 аулаға дейін жетіп, 112 мың тонна көкөніс, бақша дақылдары өндірілетін болады деп күтілуде. Бұдан бөлек ауданда «Тауарлық несиелендіру» жобасы бойынша атқарылған жұмыс та жоқ емес. Бөлім басшысының сөзінше, ауданда «Ынтымақ» шаруа қожалығы тауарлық несие беру бойынша оператор болып белгіленген. Бүгінгі күнге аудан бойынша 4 азаматқа 140 бас қой тауарлы несие түрінде берілген. Ал көктемгі дала жұмыстарын несиелендіру бойынша жұмыстардың нәтижесі бүгінде өз жемісін беруде.
Атап айтсақ, 2025 жылға көктемгі дала жұмыстарын несиелендіру «Кең дала 2» бағдарламасы аясында жүргізілді. Нәтижесінде 14 шаруашылыққа көктемгі дала жұмыстарын жүргізуі үшін 490,5 миллион теңге несие берілген. Ал мал азығының жағдайына тоқталар болсақ, бүгінгі күні жем-шөп қорының дайындығы ойдағыдай жүзеге асырылуда.
– Бүгінгі күні аудандағы ауыл шаруашылығы құрылымдарында мал азығын дайындау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жалпы облыс бойынша мал қыстауына түсетін мал санына байланысты биыл 2,1 миллион тонна пішен, 99 мың тонна пішендеме, 88 мың тонна сүрлем, 470 мың тонна сабан және 353 мың тонна құнарлы жем дайындау жоспарлануда. Осыған қоса облыс қорында өткен жылдан қалған 654,6 мың тонна пішен, 83,8 мың тонна сабан және 15,6 мың тонна жем бар. Бұдан бөлек, өткен жылғы мал азығы қорын жеке қосалқы шаруашылықтар үшін қосымша жинақтауға 1,7 мың тонна пішен дайындалған болатын, бүгінгі күнге сол қордан 673 тонна пішен қалып отыр. Сондай-ақ, алдағы қысқа түсетін әрбір шартты малға 15 центнерден азық бірлігі дайындалып, бұл өз кезегінде малдан алынатын жоспарлы өнім көлемін арттырады деген ойдамыз. Малдың қоңды болуы төл алуға да жақсы нәтиже берері анық. Ал биыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы біздің Жамбыл ауданына биылғы мал қыстатуына түсетін шартты мал басына дайындауға қажетті шөпті – 195000 тонна, пішендеме – 35000 тонна, сүрлем – 6000 тонна, сабан – 37000 тонна етіп белгіледі. Бүгінгі күні жоспар толық орындауға жақындап қалды. Жалпы ауданда барлығы 32666 гектар жер шөп шабуға белгіленген, оның ішінде көпжылдық шөп 24531 гектар, шабындық 7985 мың гектар, сүрлемдік жүгері 150 гектар алқапты құрайды. «Қазсушар» РМК Аса өндірістік бөлімшесінің аумағында өткен жылдан қалған 135 тонна пішен сақтауда тұр, – дейді аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бауыржан Тоқтасынов.
Жалпы бүгінгі күні мал азығын дайындау жұмыстары қызу жалғасын тауып отыр. Табиғи шабындықтардағы шөп пісіп қатаюына қарай маусым айынан бастап шабылса, пішендеме дайындау тамыз, сүрлем дайындау қыркүйек айында жүргізілді.
«Жалпы азық-түлік қауіпсіздігі мен дәнді дақылдардың өнімділігі ел халқының экономикасы мен әл-ауқатына мультипликативті әсер ететіні белгілі. Қайта өңдеу өнеркәсібінің, әлеуметтік саланың, халықаралық сауданың, ауыл шаруашылығы техникасын өндірудің дамуына серпін береді. Мемлекет елдің азықтүлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, еңбек өнімділігін, отандық өнімнің халықаралық нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытындағы жұмысты жалғастыруда», – дейді Бауыржан Тоқтасынов.
Марат ҚҰЛИБАЕВ.
Мекен жайымыз:
Тараз, Қазақстан
Абай даңғылы, 127
Қолбасшы
Қойгелді көшесі, 173
Телефон:
Баспасөз қызметі
- 8 (775) 882 04 81
Телефон:
Өңірлік тұрақтандыру қоры
- 8 (7262) 555 065
Электронды почта:
info@spk-taraz.kz