Тұрақтандыру қорында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры жеткілікті

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен жиында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселесі қаралды.

Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы мен «Тараз» ӘКК басшылары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және бекітілу жұмыстарының барысы туралы баяндады.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға индексі жыл басынан бері 2,0 пайызды (республика бойынша – 2,1%) құрады.

ӘМАТ бағасын тұрақтандыру мақсатында делдалдарды анықтау және жою, өнімдерді тікелей жеткізуді ұйымдастыру, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізу, көкөністерге тауарлық интервенция жүргізу, бақылау-кассалық аппарарымен жабдықталған нүктелерді сапалы және төмен бағалардағы өнімдермен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдануда.

Форвардтық келісімшарт бойынша 1000 тонна пияз, 500 тонна картоп, 500 тонна қырыққабат, 1000 тонна сәбіз жеткізу жоспарлануда.

Ал, «Айналым схемасы» бойынша «Magnum» сауда желісімен 18 млн. теңгеге, «Дәмді себет»-пен 120 млн. теңгеге, «Эко чикен»-мен 50 млн. теңгеге келісім-шарттар жасалған.

Тұрақтандыру қорын қалыптастыру және пайдалану тетігін жүзеге асыру үшін 4000 тонна ұн, 50 тонна қарақұмық, 200 мың литр күнбағыс майы, 50 тонна күріш, 1 миллион дана жұмыртқа сатып алу көзделуде.

– Тұрақтандыру қорында «айналым схемасы» бойынша азық-түліктің жеткілікті мөлшерін қалыптастыру үшін қомақты қаржы қаралған. Баға өскен жағдайда тауарлық интервенцияны жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Қазіргі уақытта тұрақтандыру қорында әлеуметтік маңызы бар өнімдер жеткілікті. Нан бағасын тұрақтандыру мақсатында астық құны субсидиялануда, тұрақтандыру қорынан да наубайханаларға ұн беріледі. Әлеуметтік дүкендердің жұмысы басты назарда болуы тиіс. Бағаның төменділігі өнімнің сапасыздығын білдірмейді. Біз тұрғындарды жаңа және сапалы өніммен қамтамасыз етуге күш саламыз, – деді Нұржан Нұржігітов.

Жиын қорытындысы бойынша аймақ басшысы жауапты тұлғаларға жергілікті тауар өндірушілерден тікелей жеткізілімдерді ұйымдастыру, апта сайын өтетін жәрмеңкелер туралы халықты кеңінен хабардар ету, сауда саласындағы заң бұзушылықтарды анықтау жөнінде тапсырмалар берді.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Мекен-жайымыз:

Тараз, Қазақстан
Абай даңғылы, 127

Қолбасшы
Қойгелді көшесі, 173

Телефон:

Өңірлік тұрақтандыру қоры

Баспасөз қызметі

Барлық құқықтар қорғалған © 2023 «Тараз» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы»