ЕКІ ЖАРЫМ ПРОЦЕНТТІК НЕСИЕГЕ СҰРАНЫС КӨП
Елімізде ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған “Ауыл аманаты” жобасы бүгінде өз тиімділігін дәлелдеп келеді. Аталған жоба алғаш еліміз бойынша Жамбыл облысында пилоттық жоба ретінде енгізіліп, 11 елді мекенді қамтыған болатын. Ал былтыр өңірде 25,5 миллиард теңгеге 10 аудандағы 38 округтен төрт мыңнан астам жоба қаржыландырылды.
Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға арналған «Ауыл аманаты» бағдарламасына сұраныс жоғары. Себебі, 2,5 пайыздық үстемемен берілетін жеңілдетілген шағын несие арқылы өз ісін бастаған жандар көп. Бүгінде бағдарлама жетілдірілуде және ашылған кәсіптің тұрақтылығын қамтамасыз ету шаралары белсенді жүріп жатыр. Байзақ ауданында былтыр басталған бірқатар жобаларды осы бағыттағы сәтті қадамдар деп айтуға болады.
Нақтырақ айтсақ, ауданда осы бағытта қолға алынған жобаның бірі – Жетібай ауылындағы «Али» жеке кәсіпкерлігінің бастамасымен ашылған қаңылтыршатыр (металлочерепица) цехы. Жылдық қуаттылығы 2000 шаршы метр өнім шығаруға арналған өндіріс орны арнайы қондырғыларын Қытайдан алған. Бүгінде мұнда аталған өнімнің екі түрі шығарылады.
-Қолға алынған кәсіп бүгінде тұрғындар тарапынан үлкен сұранысқа ие құрылыс материалдарын өндіреді. Мұнда шатыр жабу үшін пайдаланатын қысқа өлшемді металл жабындыдан бөлек, профнастил түрлері де жасалады. Тұтынушылар сұранысына қарай әртүрлі өлшемде, әртүрлі қалыңдықта өнім шығарамыз. Жоба аясында кәсіпке қажетті 13 миллион теңгеге екі қондырғы алдық. Соның нәтижесінде бүгінде бәсекеге қабілетті, нарықтық бағадан арзан өнім өндіреміз. Өндіріске қажетті шикізаттар Алматы қаласынан жеткізілді. Жалпы облысқа мұндай құрылыс материалдары шет өңірлерден келетіндіктен, аталған кәсіп бүгінде өз тиімділігін танытып отыр. Жақын аумақтағы елді мекендерде жер алып, үй салушылардың қатары да артып отырған соң, сұраныс еселене түсуде. Алдағы уақытта өндірісімізді кеңейтіп, әртараптандыруға басымдық бермекпіз, – дейді «Ауыл аманаты» жобасының игілігін көріп отырған кәсіпкер Ғанибек Жұмасаев.
Мекен-жайымыз:
Тараз, Қазақстан
Абай даңғылы, 127
Қолбасшы
Қойгелді көшесі, 173
Электронды почта:
spktaraz@spk-taraz.kz.