ТЕМІРДЕН... ТҮЙІН ТҮЙГЕН ҰСТА

«Ауыл аманты» бағдарламасы бойынша несие алмақ ниетте

Бүгінде темірден түйін түйіп жүргендердің дені орта жастан асқан азаматтар. Ал бұл іспен жастардың айналысуға құлқы да, ниеті де жоқ. Өйткені жұмысы ауыр, терлеп-тепшіп, ыстық жерде жұмыстеу де оңай шаруа емес.

Дегенмен кейбір елді мекендерде осы кәсіпті таңдағандардың аз да болса кездесетіні қуантады. Соның бірі – Мұхтар Сейтаев. Ол Қосбөлтек ауылындағы шағын шеберханада токарь болып істейді. Мұхтар Төренұлының негізгі мамандығы ағаш ұстасы. Ол бұл кәсіпке кішкентайынан қызығып, жүрек қалауымен таңдаған. Оған ның әкесі себепкер болыпты.

– Әкем Төрен екінші дүниежүзілік соғысқа бастан аяқ өткеріп, 1945 жылы Мәскеудегі өткен Жеңіс парадына қатысқан кісі. Өмірден 92 жасында өтті. Сол әкемнің үйде ағаш ұстаханасы болатын. Онда елге қажетті құрал-жабдықтар жасайтын. Мен де жастайымнан әкемнің қасынан шықпай, осы кәсіптің қыр-сырына қанып өстім. Сондай-ақ ұстаханасына жаңадан шыққан неше түрлі құрал-саймандарды әкеп орнататын. Жанында жүріп соның барлығын пайдалануға ынтығатынмын. Кейде балалықпен керекті тақтайларын кесіп бүлдіріп алатынмын. Бірақ әкем ұрыспайтын. Сөйтсем, ол кісі менің бойымдағы қызығушылығымды байқап, үйренсін деп бетімнен қақпайды екен, – дейді Мұхтар.

Мұхтар мектеп бітірген ағаш ұстасы мамандығын алу үшін арнайы  училищеде оқып, білім алады. Алғашқы еңбек жолын Ақтөбеде жиһаз фабрикасында станокта балғашы болып бастайды. Одан кейін «Жаңа Теріс» өндірістік кооперативінде еңбек етті.

«Жалпы ағашпен жұмыс істеу оңайлау. Ал темірмен жұмыс істеу ағашқа қарағанда күрделі. Кооперативте жұмыс істеп жүрген жылы Әбілхан деген көкеміз токарьлықты үйретті. Сол кісінің жанында үйреніп жүріп, әрі қарай өзім алып кеттім. Ең алғаш тракторға бұрандалы болт жасадым. Алғашқы затым тапсырыс берушінің көңілінен шығып, қанаттанып қалдым. Негізінен токарьдың қызметіне шаруалар көп жүгінеді. Ерте көктемнен қара күзге дейін шаруалар ауыл шаруашылығы техникасына табыла бермейтін бөлшектер бойынша тапсырыс береді. Ондайда уақытпен санаспай жұмыс істеуге тура келеді. Таңғы сағат алтыдан түннің бір уағына дейін жұмыс істеген кездерім болды. Себебі, науқан кезінде шаруалар үшін әрбір күн маңызды. Тапсырысты таңертең бітіріп беру керек болса, ондайда түнделетіп жұмыс істеуге тура келеді. Темірмен жұмыс істеуде дәлдік пен төзімділік басты рөл атқарады, – дейді ұста.

Ұстаның шеберханасында токарь станогы, кесу, қайрау, басқа да к-птеген қажетті құрал-жабдықтар бар. Сондай-ақ кейбір темірлерді отқа салып, қыздырып жұмыс істейтін көрік те осы жерден табылады. Бұдан бөлек, газбен дәнекерлеу ісін де меңгеріп алған ұстаның жұмысын бұл да жеңілдетіп отыр екен. Соңғы мамандығын ол Жуалы ауданындағы Ақбастау ауылында орналасқан №16 колледжде оқып, бітіріп алыпты.

-Білмекке деген құштарлық қай жаста болсын кісіге кештік етпейді.  Кәсіпкерлікке қайта дайарлау курстары ұйымдастырылған кезде қызығушылық танытып, арнайы курстарға қатысып, өз салам бойынша біліктілігімді арттырдым. Оның қазіргі таңда көмегі тиюде. Шаруа қожалықтарнан түскен тапсырыстарды, кейбір көлік құралдарының деталдарын түпнұсқаға қарап жасап жүрмін. Осының барлығы ізденісімді жетілдіргеннің арқасы. Қазір темірден кез келген затты, ауыл шаруашылығы техникасына қажетті саймандарды жасай берем, – дейді Мұхтар Төренұлы.

Ол биыл «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға ниет танытып отыр. Жобаның бесінші бағытына қатысып, кәсібін кеңейтпек ниетте.

«Қазір құжаттарымды жинастырып, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпарациясы» акционерлік қоғамына тапсырып қойдым. Сәті түсіп, жобам мақұлданса, ұстахана ғимаратын жөндеп, жаңа құрал-жабдықтар алсам, жаныма бір көмекші алып, осы кәсіпке баулу ойымда бар. Жалпы, токарь – өміршең мамандық. Сондықтан үйренсем деген жастар болса, үйретуге мен әрдайым дайынмын», – дейді ол.

Мұхтар Сейтаев жұбайы Фаридамен бірге үш ұл тәрбиелеп отыр. Үлкен ұлының мамандығы – электрик, екінші ұлы – құрылысшы. Ал кенжесі алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі.

Марат Құлибаев,

Жуалы ауданы

Мекен-жайымыз:

Тараз, Қазақстан
Абай даңғылы, 127

Қолбасшы
Қойгелді көшесі, 173

Телефон:

Өңірлік тұрақтандыру қоры

Баспасөз қызметі

Барлық құқықтар қорғалған © 2023 «Тараз» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы»