ПРЕЗИДЕНТТІК ЖАСТАР КАДР РЕЗЕРВІНІҢ ТАЛАБЫ МЕН ТӘРТІБІН ТҮСІНДІРДІ

«Тараз» ӘКК» АҚ қызметкерлеріне Президенттік жастар кадр резервінің екінші кезеңінің талаптары мен тәртібі түсіндірілді. Аталған жиынға «Тараз» және «Атамекен-Тараз» микро-қаржы ұйымының қызметкерлері мен «Jas Otan» жастар қанатының мүшелері, жоғары оқу орындарының студенттері де қатысты.

«Бизнеске арналған үкімет» фронт кеңсесінде өткен шарада ҚР мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Лесбек Илебаев қатысып, Президенттік жастар кадр резервінің екінші кезеңіне кеңінен тоқталды. Оның сөзінше, кадрлық резервке үміткер Қазақстан азаматы болуы тиіс. Сондай-ақ жасы 35-тен аспаған, жоғары білімді және еңбек өтілі 5 жылдан кем болмауы керек. Тағы бір жаңашылдық – кандидаттың қоғамдағы түйткілді мәселелерді шешуге қызығушылық танытуы жоғары бағаланады. Іріктеу кезеңіне бұған дейін саяси, мемлекеттік және әкімшілік корпус қызметіне тағайындалғандар қатыса алмайды. 

Айта кетерлігі, жастар кадрлық резервіне қатысушыларға мемлекеттік тілді білуі міндеттелген. Сондықтан үміткерлерде мемлекеттік тілді білу деңгейін растайтын КазТест немесе Qazaq resmi test сертификаттары болуы шарт. КазТест оффлайн форматта өтуді қажет етсе, Qazaq resmi test-і үміткерлер өздеріне ыңғайлы уақытта онлайн тапсыру мүмкіндігі де қарастырылыпты.

Сонымен қатар Лесбек Құралбайұлы Президенттік жастар кадр резервінің қорытындысы бойынша мемлекеттік сектор үшін 50 адам таңдап алынатынан хабардар етті. Сондай-ақ ол 2019 жылы алғаш рет ұйымдастырылған жобаның жеңімпаздары облыста түрлі басшылық қызметтерді атқарып жүргендігін жеткізді. Атап айтқанда, бүгінгі күні облыс әкімдігінің жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Әбілхайыр Тамабек пен аймақ басшысының орынбасары Дәулет Кәрібек.

Жиын соңында департамент басшысының орынбасары корпорация қызметкерлерін осы жобаға қатысуға шақырып, олардың сұрақтарына жауап берді.

«Тараз» ӘКК» АҚ

Мекен-жайымыз:

Тараз, Қазақстан
Абай даңғылы, 127

Қолбасшы
Қойгелді көшесі, 173

Телефон:

Сенім телефоны:

Барлық құқықтар қорғалған © 2021 «Тараз» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы»