Ербол Қарашөкеев Түркиядағы инвестициялық форумда сөз сөйледі.

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев бастаған делегация Түркия Республикасының Мерсин провинциясына жұмыс сапары барысында Қазақстан-Түркия инвестициялық форумына қатысып, әлеуетті түрік компанияларымен B2G форматында кездесулер өткізді.

Жамбыл облысы мен Мерсин провинциясының мемлекеттік органдары, бизнес өкілдеріне форум іскерлік байланыстарды нығайту, сауда және инвестиция саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерді жан-жақты талқылау үшін аса маңызды алаң болды.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев мұндай іс-шаралар түрік компанияларының Жамбыл облысындағы өндіріс ауқымын кеңейтуге деген қызығушылықтарын арттыра түсетінін атап өтті.

Сондай-ақ, аймақ басшысы Жамбыл облысының жоғары инвестициялық әлеуеті мен артықшылықтарына тоқталып, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру аясында маңызды инвестициялық жобаларды қолдау шаралары туралы баяндады. Сондай-ақ, өңірдің қолайлы климаттық жағдайын, логистикалық тұрғыдан тиімді географиялық орналасуын, табиғи ресурстардың, оның ішінде металлургия, химия және құрылыс салаларын дамыту үшін мол қорының бар екенін жеткізді.

Ербол Қарашөкеев түрік компанияларын облысқа инвестиция құюға шақырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, туризм, құрылыс, тау-кен өнеркәсібі, кабельдік өнімдердің, желдету және электр жабдықтарының, сорғылардың, сондай-ақ оқшаулағыш материалдардың өндірісін құру бағыттарындағы орасан зор әлеуетке назар аудартты.

«Біз мүдделі инвесторларды қолдауға, кең ауқымды преференциялар беруге, дайын инфрақұрылымы бар өндірістік үй-жайлармен қамтамасыз етуге дайынбыз. Аумағы 40 мың шаршы метрді құрайтын үй-жайлардың құрылысы аяқталуға жақын. Биыл тағы 100 мың шаршы метр құрылыс жоспарланған. Инвестициялық жобаларды сүйемелдеумен айналысатын «Zhambyl Invest» дирекциясында Түркиямен жұмыс істеу үшін жеке бөлім құрылған» — деді облыс әкімі.

«Тараз» ӘКК» АҚ

Мекен-жайымыз:

Тараз, Қазақстан
Абай даңғылы, 127

Қолбасшы
Қойгелді көшесі, 173

Телефон:

Сенім телефоны:

Барлық құқықтар қорғалған © 2025 «Тараз» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы»